ҚХП еңбек адамын ұлықтау дәстүрін жалғастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында партия республика көлемінде «Еңбек адамы – 2025» байқауын өткізді. Қазір байқаудың қорытындысы шығарылып, барлық өңірде жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтуде.
Шығыс Қазақстан облысында партия филиалы салтанатты марапаттау кешін жергілікті драма және оперетта театрында ұйымдастырды. Жеңімпаздар энергетика мен инженериядан бастап, аспаздық пен құрылысқа дейін әртүрлі салада еңбегімен танылып, медальдар мен алғыс хаттарға ие болды.


– ҚХП қолға алған бұл байқаудың басты мақсаты – еңбекті ең жоғары құндылық ретінде дәріптеу және жұмысшы мамандық иелерінің ел дамуына қосқан үлесін мойындау. Барлық қатысушыларға және қонақтарға ризашылығымызды білдіреміз. Біз бірге еңбек адамын құрметтеу мәдениетін қалыптастырып келеміз! – деді ұйымдастырушылар.
Түркістан облыстық филиалы жеңімпаздарды Түркістан қаласындағы Ынтымақ үйінде марапаттады. Салтанатты жиынға партия белсенділері, жастар және әйелдер қанатының өкілдері қатысты. Шараны филиал төрайымы Зухра Қамбарова ашып берді. Мұнда да түрлі номинация бойынша марапаттар табысталды: үздік ұстаздар, машинистер, дәрігерлер, теміржолшылар және басқа да мамандық иелері құрметке бөленді.



Ақтөбедегі партия ұйымы жеңімпаздарды өздерінің жұмыс орнына барып құттықтады. Медаль мен алғыс хат «Ramazan Qus» ЖШС автопаркі меңгерушісі Тұрғали Сегізбаевқа табысталды. Бұл күн зауыт ұжымына ерекше қуаныш сыйлады. Партия өкілдері мен әріптестері жиналып, еңбек адамының еңбегін лайықты бағалап, құттықтады.

@halyk_partiyasy