Мәжіліс қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы аясында қаржылық мониторинг жүргізуге міндетті жаңа субъектілер енгізілмек. Олардың қатарында – ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бар. Сонымен қатар мәжілісмендер бұл тізімде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын да қалдыруды ұсынды. Ал Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовке мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істейтін ұйымдарды, оның ішінде кеңестік кезеңнен бері келе жатқан мекемелерді тексеруді ұсынды.
– Бұл бірлестіктер қаржылай қолдауға ие болып, жұмысын жалғастырғанымен, мүгедектігі бар жандарға тиісті деңгейде көмек көрсетпейді, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Оның айтуынша, былтыр ҚХП фракциясы осы тақырыпқа қатысты, атап айтқанда, «Қазақстан зағиптар қоғамының» қызметіне байланысты депутаттық сауал жолдаған. Мәжілісмендер қоғам мен оның аймақтық бөлімшелерінде ауқымды қаржылық заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, сыбайлас жемқорлық фактілерін ашуға бағытталған толыққанды аудит пен тексерулер жүргізуді талап еткен. Алайда бұл ұсыныс жауапсыз қалған.
– Мұндай ұйымдар салық төлемейді, ешкім оларды бақыламайды. Үкіметтен мүгедектігі бар азаматтарға миллиардтаған қаражат бөлінеді. Алайда бұл қаражат талан-таражға түсіп жатыр, – деді депутат.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты әрі омбудсмен тиісті қолдау көрсететінін айтты. Сондай-ақ ол ұрланған қаражаттың кейінгі тағдыры белгісіз болып қалатынын атап өтті.
– Қаржы мөлшері – 5 миллиард теңге. Ертең бұл қаржы терроризмді немесе басқа да қылмыстық әрекеттерді қаржыландыруға кетпейтініне кім кепіл бола алады? – деді депутат-омбудсмен.