Дәрігерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру қажет

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гаухар Танашева өңірлерге жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының дәрігерлерімен және көпбалалы аналарымен кездесті.

Депутат Мәжілісте көпбалалы, жалғызбасты аналардың және ерекше қажеттілігі бар балалардың мәселелерін көтергенін мәлімдеді.

– Мемлекет барлық баланың әлеуметтік мәртебесіне, ата-аналарының материалдық жағдайына қарамастан, негізгі қажеттіліктің барлығымен қамтамасыз етуі керек. Әр отбасы тегін медицина және тегін біліммен қамтылуы тиіс. Көпбалалы, жалғызбасты және мүгедек балалардың аналарына ерекше қолдау қажет. Осыған дейін атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, балалардың жәрдемақысын ұлғайту бастамасын көтердік.

Үкіметке әр балаға жеткілікті мөлшерде жәрдемақы төлеу туралы талап қойдық, – деді Г.Танашева. Бұдан кейін ол Үкімет медицина саласының қызметкерлеріне жайлы жағдай жасай алмай отырғанын атап өтті.

– Дәрігерлер мен мейірбикелер мардымсыз жалақыға өмір сүруден бас тартып, шет мемлекеттерге кетіп жатыр. Бұл – жақсылықтың белгісі емес. Қазақстанда дәрігерлердің мәртебесі де нақтыланбаған. Құқықтары да тиісінше қорғалмайды, – деді депутат.

Өз кезегінде дәрігерлер «Неке және отбасы» заңы бойынша ата-ананың бала алдындағы міндеті мен жауапкершілігін күшейту қажет екенін айтты. Сонымен қатар айлық жалақыларының көлеміне шағымданды.

Г.Танашева көпбалалы аналармен кездескенде Үкімет олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беруі керек екенін атап өтіп, ана мен бала ешнәрсеге мұқтаж болмай өмір сүруге тиіс екенін мәлімдеді.

– Біз 4 немесе одан көп перзентті дүниеге әкелген немесе асырап алған аналар үшін өмір бойы «Көпбалалы ана» мәртебесін сақтауды ұсындық. Қазіргі заңнамаға сәйкес, 5 және одан да көп баласы бар аналар – 53 жаста, ал 4 баласы бар көпбалалы аналар – 63 жаста (5 жылдық мораторий әйелдердің зейнетке шығуын 61 жас деп шектеді) зейнетке шығады. Бұл «Көпбалалы отбасылардың белгілі бір санаттарын кемсіту боп табылады, – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy