АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы аясында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі ҚХП фракциясының депутаттары аймақтарды аралап жүр. Олардың міндеті – халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу және оларды алдағы референдумда отандық атом энергетикасын дамыту идеясын қолдап дауыс беруге шақыру.
Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов әріптестерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысына барды. Мәжілісмендер бірқатар ауданды аралап, сайлаушылармен кездесуді жоспарлап отыр. Сондай шаралардың бірі Қызылжар аудандық ауруханасында өтті.
Магеррамов дәрігерлердің алдында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өз болашағын өздері таңдауды сеніп тапсырғанын еске салды.
– Мемлекет басшысы еліміздегі барлық өмірлік маңызы бар мәселелерді халықтың пікірін ескере отырып шешу керек екенін айтты. Сондықтан АЭС салу сияқты маңызды мәселе бойынша референдум өткізу туралы шешім қабылданды, – деп атап өтті ол.
АЭС салу шынымен де Қазақстан үшін өте маңызды. Бүгінде елде өндіріс белсенді дамып, халық саны өсуде, сәйкесінше электр энергиясын тұтыну да артып келеді. Былтырдың өзінде еліміз көршілес мемлекеттерден 286 миллион долларға 4,7 МВт/сағат сатып алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
– Қажеттілік артып келеді. Ал біздегі жылу электр станцияларының 70-80 пайызы тозған. Сәйкесінше, олар енді елді энергиямен қажетті мөлшерде қамтамасыз ете алмайды. Демек, АЭС құрылысы бос сөз емес, бұл өте маңызды қажеттілік, – деді депутат.
Жалпыхалықтық референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтеді. Бюллетеньде бір сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».