Қазақстан Халық партиясы Жұмысшы мамандықтар жылына арналған акциясын жалғастыруда. Оның басты мақсаты – Еңбек адамының мәртебесін көтеру. Партия өкілдері өңірлерде аймақта маңызды рөл атқаратын кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарына барып, құттықтау хат табыстауда.
«Aqtobe Su-Energy Group» АҚ – Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлерді жылумен, сумен қамтамасыз етіп, кәріз жүйесін басқарып отырған ірі кәсіпорын. Мұнда қазандық операторлары, электриктер, слесарьлар, жүргізушілер, сантехниктер және басқа да көптеген жұмысшылар еңбек етеді.
ҚХП Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Марат Нұркеев кәсіпорынға арнайы барып, үздік слесарьлар бригадасының еңбегін жоғары бағалады. Бұл бригаданы канализация желілері учаскесінің бастығы Берік Құдабаев басқарады. Олардың командасы қаланың кәріз жүйесін күтіп-ұстау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
«Aqtobe Su-Energy Group» өз қызметкерлерін қашан да мақтан тұтып, олардың Ақтөбені абаттандыру мен дамытуға қосқан күнделікті үлесі үшін алғыс білдіреді.
– Кәсіпорынның бас инженері Амангелді Боранқұлов пен учаске бастығы Берік Құдабаев өз бригадаларымен бірге жұмысқа адалдық танытып, жоғары кәсіби шеберлігін көрсетуде. Олардың еңбегі – қаланың тазалығы мен тұрғындарының жайлы өмірінің кепілі, - деп атап өтті партиялықтар.
Партияның Павлодар облыстық филиалы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Павлодарэнерго» АҚ қызметкері, энергетика саласының ардагері және интернационалист жауынгер Андрей Бойконы құттықтады. Ол 30 жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп, Павлодар ЖЭО-3-те 22 жыл жұмыс істеп келеді.
Сонымен қатар, павлодарлық партия мүшелері Павлодар облыстық балалар ауруханасының асхана қызметкерлеріне алғыс білдірді. Олар асхана ұжымына арнайы алғыс хат табыстап, аспаз Ельнара Аушенованың қызметіне ерекше тоқталды. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы осы салада жұмыс істеп, 15 жылдан бері ауруханадағы кішкентай науқастар үшін дәмді әрі пайдалы тағамдар әзірлеп жүрген жан.
Шымкент қалалық филиалы «Арт Құрылыс» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – жұмысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, құрылыс саласына қосқан үлестері үшін алғыс білдіру.
Іс-шара соңында партия өкілдері еңбек ұжымының елдің өркендеуіне белсенді үлес қоса беретініне сенім білдіріп, жұмысшы мамандықтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретініне тоқталды.
Сонымен қатар, Шымкенттегі партия мүшелері «Су ресурстары және маркетинг» ЖШС еңбек ұжымын да құттықтап қайтты.