Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік және электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі заңнамасына өзгерістер енгізу туралы құжатқа қол қойды.
"Жол қозғалысы туралы" ҚР Заңына енгізілген өзгерістер аясында "электромобиль" ұғымы, ал "электр энергетикасы туралы" ҚР Заңына "электр зарядтау станциясы" ұғымы енгізілді. Жаңа нормалар осындай станцияларды орнату және оларды қауіпсіз пайдалану ережелерін айқындайды. Енді көлікті қуаттайтын орынды таңдауға және оларды орнатуға жергілікті атқарушы органдар жауапты болады. Сонымен қатар, электромобильдердің танымалдығының артуына байланысты елдегі зарядтау станцияларының санын арттыру қарастырылуда.
Бұған дейін Қазақстан халық партиясы парламенттік фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов өзінің депутаттық сұрауында электромобильдерге қатысты мәселелерді көтерген болатын.
– Электромобильдерге көшу – бұл қоршаған ортаның ластануымен күресу және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту үшін маңызды әрі қажетті шара. Алайда, бүгінде Қазақстанда электромобильдердің санын арттыру жөніндегі бірқатар жобалар мен бағдарламаларға қарамастан, электромобильді инфрақұрылым және электр көлік құралдары саласындағы даму процесі көптеген дамыған елдерден артта қалып отыр, – деп нақтылады фракция басшысы.