Қазақстан бүгінде энергия тапшылығынан зардап шегіп, оны көршілес елдерден импорттауға мәжбүр болып отыр. Сатып алатын электр энергиясының құны қымбат, оған көмір мен газ жағатын ескірген жылу электр станциялары атмосфераға зиян келтіруде. Отандық АЭС салынса энергия тапшылығы мәселесі шешіліп, экологиялық көрсеткіштер жақсармақ.
Атом электр станциясының құрылысы бойынша өтетін жалпыхалықтық референдум алдында ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Оның мақсаты – АЭС-тің қауіпсіз және пайдалы екенін халыққа жеткізу.
Халықтық штаб мүшелері Қонаев қаласындағы «Балдәурен» және «Искорка» балабақшасының ұжымымен АЭС-тің маңыздылығын талқылады.
Спикерлер ғылыми фактілермен және әлемнің жетекші державаларының тәжірибесімен дәлелденген нақты ақпараттарды халыққа жеткізді.
«Атом электр станциясы экологиялық тұрғыда әлдеқайда тиімді. Ал ең үлкен экономикалық артықшылығы – тұрақты энергия көзімен қамти алатынында», - деп түсіндірді Халықтық штаб өкілдері.
Кездесулердің соңында спикерлер халықты елдің қарқынды дамуының бастамасы ретінде референдумға қатысып, қолдап дауыс беруге шақырды.