Еліміздегі фармакология саласында ірі заң бұзушылықтар анықталды

dep.jpg

Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысына қатысты мөлшері 3,7 млрд теңгені құрайтын заң бұзушылықтарды анықтады. Аудит қорытындысы палата төрағасы Әлихан Смайыловтың басшылығымен өткен ЖАП отырысында белгілі болды.

Тексеріс нәтижесінде бірнеше заң бұзушылық анықталды. Мысалы палата қорытындысына сәйкес дәрі-дәрмек өндірісінде отандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайтыны, ал импорттық өнімдердің сапасы тексерілмейтіні мәлім болды. Нарықта қазақстандық өндірістегі дәрі-дәрмектердің үлесі небәрі 18%-ды құрайды. Сондай-ақ мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайды. Соның әсерінен өндіруші зауыт бағасының 2 000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.

Одан бөлек мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері "СК-Фармация" ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады. Осылайша, сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде бұзушылықтар анықталып, логистика шығындары жасанды түрде асыра бағаланғаны белгілі болды.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы мөлшері 3,7 миллиард теңге болатын бұзушылықтар анықталды. Ал мемлекеттік бюджеттің ықтимал шығындары 21,7 миллиард теңгені құрайды. Барлық ақпарат құқық қорғау органдарына жолданды.

Осы ретте Мәжілістегі Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаты Ирина Смирнова Денсаулық сақтау министрлігінің және оның құрылымдарының жұмысына қатысты наразылығын білдірді.

– "СК-Фармация" ЖШС-нің барлық сатып алуы тек емдеу мекемелерінің сұранысы негізінде жүргізілетіндіктен қалайша талап етілмеген дәрі-дәрмектер сатып алынғаны түсініксіз. Оның қоса қоймада қажетті әрі сұранысқа ие препараттар жоқ, – деп Мәжіліс депутаты таңданысын білдірді.

Ең сорақасы "СК-Фармация" сатып алмаған дәрі-дәрмектердің арасында онкологиялық науқастарға қажетті препараттар жиі кездеседі.

– Мұндай пациенттер үшін қажетті дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдамау өлімге әкеледі. Ал бұған кім жауап береді?! Қазір жағдайды мәселені қалай шешуге болатынын тездетіп қарастыру қажет. Себебі науқастар күте алмайды! Бүтіндей аймақтар дәрі-дәрмексіз қалып отыр, – деп дабыл қақты Смирнова.

Еске сала кетейік, Қазақстан халық партиясы бұған дейін де халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету және олардың бағасын реттеу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy