Еліміздегі көші-қон мәселелері талқыланды

dep.jpg

Халықаралық адам құқықтарын қорғау күніне орай Қазақстан Халық партиясының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейітжан Қазақстандағы босқындар және ел аумағында тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мәселесі бойынша кеңес өткізді. Шараға БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің (UNHCR) өкілдері Дмитрий Липкану, Мейрам Рахымбеков және Ирина Біләлова қатысты.

UNHCR ішкі қоныс аударғандар мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйым. Кездесу 1948 жылы қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 76 жылдығына арналды. Талқылау барысында қатысушылар өзекті мәселелерге тоқталып, босқын мәртебесін ала алмай жүргендердің жағдайына баса назар аударды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, босқын мәртебесі 1 немесе 5 жыл мерзімге берілуі мүмкін. Алайда мұндай мәртебені алу рәсімі көбіне азаматтардың құқықтарын бұза отырып, кейінге қалдырылады», - деді Кенжеғұл Сейтжан.

Мұндай мәртебесі барлар үшін туындайтын тағы бір басты мәселе – тұрақты азаматтық алу. Бұл да күрделі және көп уақытты қажет ететін процесс. Ал азаматтығы болмаған жағдайда бұл адамдар не әлеуметтік қолдау, не медициналық көмек ала алмайды.

«Халықтың осал топтарының құқықтарын қорғау және оларды жергілікті қоғамға бейімдеу үшін нақты шаралар қажет», - деді Омбудсмен.

К.Сейітжан бұған дейін түрлі себеппен Қазақстанға көшіп келген босқындар мен азаматтығы жоқ адамдармен кездескен болатын. Олардың көпшілігі Ауғанстанның тумалары. Басым бөлігі елімізге 90-шы жылдары көшіп келген. Олардың балалары мен немерелері осында тұрады, алайда, ол адамдар сол күйі белгілі бір мәртебеге қол жеткізе алмай келеді. Мәжілісмен біздің еліміздегі көші-қон заңнамасы посткеңестік мемлекеттер ішіндегі ең үздіктерінің бірі екенін атап өтті. Алайда, аталған заңнама орындалуы жағынан ақсап тұр.

«Осыған байланысты мен омбудсмен ретінде бұл мәселені көтеріп отырмын және көтеретін боламын. Сондай-ақ, депутаттық мандатымды пайдалана отырып, Ішкі істер министрінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы мен көші-қон мәселесімен айналысатын құрылым басшыларының атына депутаттық сауал жолдағым келеді», - деді К.Сейтжан.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy