Қазақстан Халық партиясының аймақтардағы филиалдары еліміздегі емдеу мекемелерінде партиялық бақылау жұмыстарын жүргізуде. Мұндай мониторингтің мақсаты – отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді анықтау және оларды жою бойынша ұсыныстар әзірлеу.
ҚХП Шымкент қалалық филиалының өкілдері қаладағы түрлі ауруханалар мен емханаларда медициналық қызметтердің сапасы бойынша зерттеу жүргізді. Олардың қатарында қалалық кардиологиялық және диагностикалық орталықтар да болды.
«Өкінішке қарай, қала тұрғындарының басым бөлігі медициналық сақтандыру аясында ұсынылатын тегін тексерулер мен диагностиканы пайдаланбайды», - деп түйіндеді партия мүшелері сауалнама қорытындысы бойынша.
Сонымен қатар, шымкенттік партия белсенділері №3 және №8 емханаларға барды. Іс-шаралар барысында дәрігерлермен және емханаларға келушілермен сұхбат жүргізіліп, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Атап айтқанда, мекемелердің бірінде көпбалалы аналар балаларды отбасылық жалпы тәжірибелік дәрігер емес, педиатр қабылдауын сұрады. Сондай-ақ, мониторинг аясында партиялықтар Шымкент қаласының қалалық перинаталдық орталығында және офтальмологиялық ауруханасында болды.
ҚХП Жамбыл облыстық филиалының басшылығы Тараз қаласындағы емханалардың жұмысына мониторинг жүргізуде. Олар №5 қалалық емханаға барып, бас дәрігердің емдеу бөлімі бойынша орынбасары Перизат Махановамен кездесті, сонымен қатар «САДЫХАН» облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығында болды.
«Біздің мақсатымыз – медициналық қызметтің қазіргі жағдайын сараптап, денсаулық сақтау саласының жұмысын, оның қолжетімділігін, сапасы мен халықтың сұранысына сәйкестігін талдау», - дейді жамбылдықтар.
Ал ҚХП Абай облыстық филиалында партия мүшелері мониторинг қорытындысын шығарып жатыр. Олар дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен Абай облысы мен Семей қаласының медициналық мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Қатысушылар медициналық қызмет көрсету сапасы, ауруханалар мен емханалардағы ұзын-сонар кезек проблемалары, кадр тапшылығы мәселелері және т.б. талқылады.