62 жаста сүңгуір-құтқарушы болып жұмыс істеу қалыпты жағдай, ал өрт сөндірушілерге бос уақытында қосымша жұмыс істеп, ақша табуына болмайды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың пікірі осындай. Бұл туралы ол Мәжілістің кезекті жалпы отырысында азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талқылау барысында айтты.
Жаңа ережелер төтенше жағдайлар қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсартуға бағытталған бірқатар өзгерістерді көздейді.
– Бүгінде азаматтық қорғау қызметкерлеріне тұрғын үй өтемақысы мен қызметі бойынша басқа өңірге көшкені үшін қосымша ақы төленбейді. Бұл төлемдерді белгілеу қызметкерлерге, әсіресе жылжымайтын мүлік құны қымбат өңірлерде тұрғын үй шығындарын өтеуге көмектеседі», - дейді министр.
Сонымен қатар осы құжаттың негізінде өмір сүру жағдайлары қауіпті шалғай және жетуі қиын жерлерде, атап айтқанда төтенше жағдай, әскери немесе төтенше жағдай жарияланған жерде жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу, санаторлық-сауықтыру емімен қамтамасыз ету, казармалық жағдайда болғаны үшін тамақтандыру сияқты жеңілдіктер енгізілмек.
«Бұл өтемақылар қызметкерлерге олардың кәсіби қызметтеріне байланысты төнетін қауіп-қатерлер мен қиындықтарды өтеу үшін жасалып отыр. Жалпы, тұрғын үй төлемдері мен жәрдемақыларын белгілеу білікті мамандарды тартуға және салада қалуына, сондай-ақ олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді министр.
ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов құтқарушыларды әлеуметтік қамтамасыз етудің басқа да бірқатар түйткілді мәселелерін көтеріп, жағдайды түзетуді ұсынды. Ол өртке қарсы қызметтің қатардағы қызметкерлеріне бос уақытында қосымша жұмыс істеуге тыйым салынғанын, ал апаттық-құтқару қызметінің қызметкерлері жалпыға бірдей негізде, яғни, 63 жаста зейнетке шығатынын атап өтті.
«62 жаста сүңгуір-құтқарушы болып жұмыс істеу қиын болады», - деді мәжілісмен.
Алайда Төтенше жағдайлар министрі мұны қалыпты жағдай деп санайды.
«Біз өз тарапымыздан Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы ретінде қызметкерлердің өмір сүруіне және оларды функционалдық міндеттеріне сәйкес жалақы алуға ынталандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Құтқарушыларға келетін болсақ, олар басқалар сияқты 63 жасқа толғанда зейнетке шығады, бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын», - деді министр Шыңғыс Әрінов.