Қазақстан Халық партиясы қазақтың біртуар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған «Теңдесі жоқ кемеңгер жазушы» мәдени-ағартушылық акциясын жалғастыруда. Шара аясында қаламгердің туған жері – Қызылорда облысында ҚХП өңірлік филиалы мерекелік іс-шаралар кешенін ұйымдастырды: кітап көрмелері, көркемсурет және әдеби шығармашылық байқаулар.
Осындай тақырыптық көрмелердің бірі Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектепте өтті. ҚХП өкілдері мектеп оқушыларына аты аңызға айналған классиктің өмірі мен шығармашылығы және оның ел мәдениетіне қосқан орасан зор үлесі жөнінде айтып берді. Дәл осындай көрмелер қаладағы екі кітапханада ұйымдастырылды. Олар: №12 кітапхана және Пушкин атындағы орталық кітапхана.
«Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз тілге аударылып, ХХ ғасырдың үздік шығармалары ретінде әлемдік әдебиетте лайықты бағасын алды», - деп атап өтті шара модераторы, ҚХП филиалы төрағасының орынбасары Арайлым Байжігітова.