Қазақстан Халық партиясы республикалық «Еңбек адамы-2025» байқауының қорытындысын шығарып, үздіктерді марапаттады. Бұл сайыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және еңбекті қоғамның ең асыл құндылығы ретінде насихаттау.
Алғашқылардың бірі болып еңбек адамдарын құттықтағандардың қатарында Қызылорда облыстық филиалы болды. Салтанатты шараға Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен ақын, мәдениет қайраткері, «Қоғам ТВ» телеарнасының негізін қалаушы Шахизада Әбдікәрімов қатысты.
– Бұл байқауға облыстың барлық аудан-қалаларынан еңбек майталмандары қатысып, өз шеберліктерін көрсетті, – деді партия өкілдері.

Филиал төрағасы Қайрат Ерназаров жеңімпаздарға «Еңбек майталманы» медалін және алғыс хаттар табыс етті. Байқау түрлі номинациялар бойынша өтті. Жүлдегерлер қатарында диқандар, құрылысшылар, дәрігерлер, мұнайшылар және басқа да еңбеккерлер бар. Сондай-ақ осы жиында партия қатарына қабылданған үміткерлерге партия билеттері тапсырылды.

– Бұл марапаттау рәсімі ең алдымен еңбек адамын ұлықтауға арналған, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Алматыда да өз ісінің үздік мамандары марапатталды. Жұмысшы кәсіп иелерінің үздік өкілдері арнайы сый-сияпатқа ие болып, олардың еңбек жолы мен жетістіктері бейнероликтер арқылы таныстырылды. Сонымен қатар партия қатарына қабылданған жаңа пікірлестерге салтанатты түрде билеттер табысталды. Байқауда өндіріс шеберлері, операторлар, машинистер мен технологтар үздік атанды. Бағдарлама мерекелік концертпен жалғасып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Алматы қалалық филиалы еліміздің дамуына үлес қосып жүрген барша еңбек адамдарына шынайы алғысын білдіреді, – деді партия өкілдері.

Ал Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Петропавлдағы Оңтүстік-Орал теміржолының үздік қызметкерлерін марапаттап, олардың қажырлы еңбегін, кәсіби біліктілігін және ісіне адалдығын ерекше атап өтті.


– Мұндай бастамалар жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, еңбек дәстүрін нығайтады әрі жас ұрпаққа үлгі болады, – деп түйіндеді ұйымдастырушылар.

@halyk_partiyasy