Еңбек адамы – елдің тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Қазақстан Халық партиясы еліміздің өңірлерінде еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп жатыр.

Шымкент қалалық филиалының Әйелдер қанатының жетекшісі Жұлдызай Асқарова санитарлық қызмет пен қаланы абаттандыру саласында еңбек етіп жүрген әйелдермен жүздесті. Кездесу барысында ол көп жағдайда көзге түсе бермейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды күнделікті еңбектері үшін оларға алғыс білдірді.

– Қала тазалығы мен жайлылығы дәл осындай мамандардың еңбегімен қамтамасыз етіледі. Бұл – халықтың өмір сапасын арттыруға, туризм мен экономиканың дамуына тікелей ықпал етеді, – деді Жұлдызай Асқарова.

Әңгіме барысында қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру, олардың құқықтарын қорғау және кәсіби әрі жеке өмірде жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері талқыланды.

– Әрбір адамның еңбегіне құрметпен қарау, сондай-ақ әйелдердің еңбек саласында қолдау табуы – әділетті әрі тұрақты қоғам құрудағы басты басымдықтардың бірі, – деп қорытындылады кездесуді партияның Шымкенттегі әйелдер қанатының жетекшісі.

Ал Атырау облысында филиалдың Әйелдер қанатының төрайымы Людмила Кубентаеваның бастамасымен еңбек адамының мәртебесін көтеруге арналған дөңгелек үстел өтті. Онда жұмысшы мамандықтарының маңызы және еңбек адамдарына әлеуметтік қолдау тетіктері талқыланды.

4

– Басты мақсатымыз – еңбек адамының абыройын арттыру. Өйткені жұмысшы – елдің тірегі! – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

6


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy