Қазақстан Халық партиясының Атырау облыстық филиалы жергілікті сервис колледжінің оқушыларына арнап түрлі саладағы еңбек ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Іс-шара «Дара Тұлға» партиялық мәдени-ағартушылық акциясы аясында өтті.
Кездесудің модераторы филиалдың әйелдер қанатының басшылығы болды. Іс-шараға мәдениет қызметкерлері Сания Өтепқалықызы мен Әсия Сәрсенқызы, білім беру ардагері Болат Сендібайұлы, сондай-ақ тәжірибелі заңгерлер Қаһарман Сейілханұлы мен Әсел Маралқызы қатысты.
Жастармен негізгі әңгіме патриотизм, тәрбие, кәсіби біліктілікті арттыру мен өмірден өз жолын табу туралы болды. Мамандықты қалай қателеспей таңдауға болады? Жаңашылдықтан сескенбей, алға қойған мақсатқа қалай ұмтылу керек? Осындай тақырыптарда әңгіме қозғаған қонақтар студенттермен өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, түрлі жағдайлардан сыр шертіп, жас ұрпақтың көкейкесті сұрақтарына жауап берді.
«Qazaq Sayasi Elitasy» қоғамдық қорының төрағасы Ләззат Қалмырза жастарға жігер беретіндей сөз сөйледі. Соңында, ҚХП филиалының өкілдері Атырау сервис колледжінің басшылығына аталған іс-шараға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Дара Тұлға» акциясын Қазақстан Халық партиясы республиканың барлық өңірлерінде өткізеді. Жоспарға сәйкес, облыстарда мәдениет қайраткерлерімен және белгілі азаматтармен кездесулер, сондай-ақ мұражайларға экскурсия, кітапханаларды аралау және т.б. іс-шаралар жоспарланған.