ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілейтін конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы" заң жобасын әзірледі. Тиісті заң жобасы "Ашық НҚА" сайтына орналастырылды.
Еңбек министрлігі Қазақстанның заңнамасы Конвенция ережелеріне сәйкес келетінін мәлімдеді. Құжаттың мақсаты – қызметкерлер мен олардың үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін ескере отырып, ең төмен жалақының әділ деңгейін белгілеу.
– Ең төмен жалақы деңгейін белгілеу бөлігінде халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтауға және орындауға бейілділігін растайды, – делінген министрліктің хабарламасында.
VII шақырылымда Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы аталған құжатты ратификациялауды бірнеше рет ұсынып, Үкіметке ЕТЖ есептеу әдістемесін қайта қарау туралы мәселе қойды. Бұл жалдамалы жұмысшыларды жалақыны әдейі төмендететін жұмыс берушілердің озбырлығынан қорғап, "жұмыс істейтіндер арасындағы кедейлер" мәселесін шешуге бағытталады.
– Конвенцияға сәйкес, ең төменгі жалақы деңгейін анықтау кезінде қызметкерлердің ғана емес, олардың отбасы мүшелерінің де қажеттіліктерін ескеру қажет. Сондай-ақ елдегі жалақының жалпы деңгейін, өмір сүру құнын, әлеуметтік жәрдемақыларды және басқа әлеуметтік топтардың салыстырмалы өмір сүру деңгейін есепке алу керек, – дейді ҚХП депутаттары.
Осыған ұқсас тармақ Қазақстан халық партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген еді. Сәйкесінше, партиялықтар өз мақсатына жетті.
– Біз еліміздің барлық тұрғынына лайықты жалақы тағайындалуы үшін ХЕҰ-ның №131 халықаралық конвенциясын ратификациялауды талап етеміз!, – делінген еді ҚХП сайлауалды бағдарламасында.