Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Марракеш шартын ратификациялау бойынша 24kz телеарнасына пікір берді.
Кенжеғұл Сейтжан құжатты ратификациялау туралы заң жобасына белсене қатысып, құжатты мақұлдауға дауыс берді. Депутат-омбудсменнің айтуынша, Марракеш шарты кітапханалар қорын кеңейтуге, осы мекемелерге көбірек көңіл бөлуге ықпал етіп, ал зағип және көзі нашар көретін оқырмандардың әртүрлі тілдердегі материалдарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
- Бізден бөлек 97 ел Марракеш келісіміне қол қойып, ратификациялады. Яғни, біз осы елдермен ақпараттарды әлемнің 97 тілінде, қолжетімді электронды форматта алмаса аламыз. 97 тілде электронды форматта 86 мың кітап бар, - деп атап өтті Сейтжан.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан өз тарапынан 70-ке жуық кітап дайындаған.
- Кітапханалар арқылы электронды форматтармен, электронды кітаптармен, аудиокітаптармен алмасуға болады және бұл өте тамаша мүмкіндік. Басқа елдердеге қазақ тілін үйренгісі келетін адамдар енді осы кітаптарды пайдалана алатынын да атап өткім келеді, - деді депутат.
Қазір ҚР Ұлттық кітапхана жүйесінің жалпы қорында көру қабілеті нашар және зағип жандарға арналған 1 млн-ға жуық басылым бар. Олардың 200 мыңға жуығы брайльмен жазылған кітаптар.