Әйелдер мен жастар қанатының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Халық партиясы Алматы қалалық филиалының өзге де белсенділері фашистік басқыншыларға қарсы соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұрпақтар жады» халықаралық акциясына қатысты.
Акция аясында Алматыға Волоколамск және Брест бекіністерінің маңындағы ұрыс даласының топырағы салынған капсулалар жеткізілді. Бұл капсулалар салтанатты түрде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мемориалының жанындағы Орталық зиратқа жерленді.
Салтанатты шараға партия мүшелерімен бірге Алматы қаласы әкімдігінің, әскери гарнизонның, қалалық ардагерлер кеңесінің, Қарулы күштер ардагерлері одағының, Ауғанстан ардагерлер одағының өкілдері, шаһар тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.
«Бұл шара бейбітшілік пен бостандық үшін өз өмірін қиған ата-бабаларымыздың рухына құрмет көрсетудің маңызды символына айналды. Қазақстан Халық партиясы да тарихи жадыны сақтаудың және келешек ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудің мәні зор екенін қашан да насихаттап келеді», - деп атап өтті ҚХП белсендісі.