
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлық оқу бағдарламалары ерекше қажеттіліктері бар жандарға бейімделетінін мәлімдеді. Ол бұл туралы Парламентте өткен «Қазақстан Республикасында жасанды интеллектті дамыту» тақырыбындағы тыңдауда айтты.
Талқылау барысында ҚХП депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан министрліктің мүмкіндігі шектеулі жандарды жасанды интеллект саласында қалай оқытуды жоспарлап отырғанын сұрады.
– Әсіресе көру қабілеті төмен азаматтар жайлы айтсаңыз, – деп нақтылады депутат.
Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде оқыту платформалары мен курстар ерекше студенттердің қажеттіліктеріне бейімделген.
– Визуалды материалдар бар, аудио нұсқалары бар. Мұның бәрін тыңдауға мүмкіндік жасалған. Қосымша талаптарға бейімделген. Мысалы, біз пайдаланатын «Huawei» платформасында бұл стандарттар толық сақталған, – деді министр.
Министрдің айтуынша, ешкім бұл процестен тыс қалмайды.
– Ешкім шеттетілмейді. Бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда, – деп сендірді ол.
@halyk_partiyasy