9 мамыр қарсаңында Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевке барып, оны Жеңіс күнімен құттықтады.
ҚХП басшысы 9 мамыр - біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ұлы күн екенін атап өтті. Сексен жылға жуық уақыт бұрын адамзат тарихындағы ең қантөгісті соғыстардың бірі аяқталды. Бұл алапат соғыстың Рзағұл Байқешев сияқты ерлердің арқасында жеңіспен аяқталғаны тарихтан мәлім ақиқат.
– Бүгінде еркін елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан және соғыс қасіретінің не екенін білмейтін адамдар атынан осындай бейбіт өмір үшін жан аямай күрескен сізге және сіздің замандастарыңызға кейінгі ұрпақтың амандығы жолында жасаған ерліктеріңіз алдында бас иіп, шын жүректен алғыс айтқымыз келеді, - деп мәлімдеді Ермұхамет Ертісбаев. - Фашизмнің адамзат басына үйірілген қара бұлттай озбырлығы мен қатыгездігін сіздердің батылдығыңыз бен ерлігіңіз ғана тоқтата алды . Сізге және барлық ардагерлерімізге бас иіп, тағзым етеміз!
Сондай-ақ, ҚХП төрағасы Ұлы Жеңіс ұрпақтар жадында мәңгі сақталуы тиіс екенін және Қазақстанның Халық партиясы осы тарихи оқиғаны мәңгі есте сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті.
– Ондаған жылдар өтсе де жас қазақстандықтар сіздердің батырлықтарыңыз бен ерліктеріңізді мақтанышпен, құрметпен және шынайы алғыспен еске алулары қажет, - деді Ермұхамет Ертісбаев. - Сіз біздің болашағымызды сақтап қалдыңыз! Ерлік іс ешқашан өлмейді!
Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Майданға 1943 жылы, соғыста «күрт өзгеріс» жасалған Сталинград шайқасы және Орлов-Курск доғасындағы шайқас жылы шақырылған. Қызыл Армия қатарында қазақстандық батыл жауынгер Калинин облысы үшін шайқасқа, Ржев және Великолукск операцияларына қатысты. Кейінірек кеңес әскерлерінің құрамында Польша, Румыния және Венгрияны фашистерден азат етті. Отанына ефрейтор атағымен оралды.
Майдандағы ерлігі үшін Рзағұл Байкешев 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, кейіннен маршал Г.К.Жуковтың медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталды.