Аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауына бір айдан аз уақыт қалды. Мұндай саяси науқан Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Бұл елдегі маңызды оқиғалардың бірі және республиканың өзін-өзі басқару жүйесін жаңғырту жолындағы бұрын-соңды болмаған қадам.
Енді әрбір саяси партия сайлауға азаматтардың мүддесі үшін күресуге және елдің игілігі үшін жұмыс істеуге қабілетті кандидат ұсына алады.
Осы орайда Қазақстан Халық партиясы алдағы сайлауға белсенді дайындықты бастады. Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ұсынылған кандидаттармен кездесті.
Кездесу партияның орталық кеңсесінде өтті. Ермұхамет Ертісбаев халық партиясының негізгі бағытын ерекше атап өтті. Сөзінше мұндағы басты мақсат елде скандинавиялық типтегі демократия құру.
Кездесуге қатысушылар сайлауалды жұмысты, сондай – ақ байқаушылар мен сенімді тұлғалардың миссиясын талқылады. Ермұхамет Ертісбаев партиядан барлық қолдау болатынын, сондай-ақ сайлаушылардың үгіт-насихат жұмыстарына жеке өзі қатысатынын мәлімдеді.
– Сіздер өте жауапты іс атқарып жатырсыздар – деді кандитаттарға ҚХП төрағасы - Біздің міндет - жеңу! Жеңіске деген мүмкіндігіміз жоғары, Халық партиясы, орталық аппарат сайлауда ортақ жеңіске жету үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды.
Кездесу соңында орталық кеңсе конференц-залында кандидаттар үшін сайлау процесіне арналған мамандандырылған оқыту тренингі өтті.
Еске салайық, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2023 жылғы 5 қарашада өтеді. Республиканың түрлі аймағынан Қазақстан Халық партиясынан 14 өкіл сайлауға түседі.