Ешқашан болмағандай, кенет қайталанғандай!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы 23-24 қаңтарға қараған түні жер сілкінісінен кейін оңтүстік астанаға келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы ТЖ кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге дайын болмағанын, ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалғанын атап өтті. Құлақтандыру жүйесі жұмыс істемеді, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты және олар эвакуациялау жолдары мен осындай жағдайда жиналатын қауіпсіз орындарды білмеді. Демек, болашақта халық құзыретті мемлекеттік құрылымдар ұйымдастырған нұсқаулықтар мен жаттығулардан тұрақты түрде өтуі тиіс.

– Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді,- деп нақтылады Қ.Тоқаев. - Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды!

2

Президент құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеуді тапсырды. Бұдан басқа, ол сейсмикалық мониторинг желісінің де, құтқару бөлімшелерінің де материалдық-техникалық жарақтандырылуының әлсіздігін сынға алды. Бір сөзбен айтқанда, Алматының азаматтық қорғау жүйесі сынақтан өткен жоқ. Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар кешеніне қарамастан шынайы жағдай осындай болып тұр.

– Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс,- деп еске салды Мемлекет басшысы. - Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды тапсырамын.

3

Кемшіліктерді жою бойынша ТЖМ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және басқа да бейінді ведомстволар бірқатар тапсырма алды.

– Негізгі міндет - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. - Бұл ең алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Президент Әкімшілігі бүгін көрсетілген барлық мәселелерді бақылауда ұстайтын болады.

ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова өткен кеңес туралы өз пікірін білдірді.

– Президент әдеттегідей жағдайды терең талдап, шешу жолдарын көрсетіп береді, - деді ол. - Ал шенеуніктер тайға таңба басқандай көрініп тұрған бұл шындықты алғаш рет естіп отырғандай.

4

Мәжілісмендер бұрын ТЖ кезіндегі мінез-құлық алгоритмдері мектепте оқытылғанын еске салды. Алайда қазіргі білім беру салсының реформаторлары балаларға оның қажеті жоқ деп шешіпті. Осы және басқа да көптеген кемшіліктер үшін шенеуніктердің ешқайсысы жауапқа тартылған емес.

– Егер олар шешім қабылдай алмаса, сын-қатерлерге батыл әрі құзырлы жауап бере алмаса, онда алған орындарын босату керек, - деп атап өтті Смирнова.

Ал біздің шенеуніктер бюджет қаржысын өте жақсы жұмсай алады. Жұмыс істемейтін, тиімсіз және үрей тудыратын хабарландыру жүйесіне, кешігіп жететін SMS таратуға және т.б.

– Бізде жобалар адамдар үшін емес, қаражатты ыңғайлы игеру үшін әзірленуде! - деп түйіндеді ҚХП депутаты. - Егер басшы біреумен бармақ басты, көз қысты сөз байласқан осындай жобаларды ұйымдастырудан бас тарта алмаса, оның да кетуі керек.

Ал ең қажет болған жерге бюджет ақшасы жетпей жатады. Ирина Смирнова сейсмология институтының аянышты жағдайын бірнеше рет мәселе етіп көтерген болатын. Ескі жабдықтар, энтузиаст ғалымдардың күн көруге де жетпейтін жалақысы...

– Олай болмауы керек, біздің ғылымды дамыту керек, - деп атап өтті депутат.

Ендігі жерде Президенттің Үкімет алдына қойған міндеттері шешімін табады деп үміттену ғана қалып тұр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy