Еуропалық Одақ пен Қазақстан: Дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары Еуропа Парламенті Сыртқы істер комитеті делегациясының мүшелерімен кездесуге қатысты.

Айта кетейік, биыл Еуропалық Одақ пен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толды.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан атап өткендей, біздің ел Еуропалық Одақтың барлық институттарымен, оның ішінде Еуропарламентпен тығыз байланыс жасайды.

– Қазақстан Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді, – деп атап өтті ол. – Біздің стратегиялық серіктестігіміз нақты шара қабылдайтын сипатқа ие болды.

Делегация басшысы Дэвид Макаллистер Еуропарламент Орталық Азия бойынша баяндама-қарар дайындап жатқанын атап өтті. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформаларға жылы лебіз білдірді.

– Біздің ойымызша, Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр, – деді Д.Макаллистер. – Конституциялық реформалар сіздердегі Парламенттің ықпалын күшейтті.

Келіссөзге парламенттік фракциялардың басшылары да қатысты. Қазақстан Халық партиясы фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов еуропалық қонақтарға халық қалаулыларының қызметі мен партия өкілдері әзірлеген заң жобалары туралы баяндады.

– Біздің жұмысымыз халықтың мүддесіне бағытталған, – деп қорытты сөзін мәжілісмен.

Тараптар партияаралық және фракцияаралық байланыс аясын кеңейтуге келісті. Еуропалық парламент Еуропалық Одақтың құжаттарына сәйкес, Орталық Азия өңірлерімен ынтымақтастықтың тамырын тереңдететін болды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy