
Мәжіліс медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем қызметкерлеріне күш көрсетуге қарсы жазаны күшейтуге бағытталған Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулерді мақұлдады.
Жаңа нормаларға сәйкес, дәрігерлерді қорқытып, тіл тигізген немесе жеңіл жарақат келтіргендерге айыппұл, түзеу жұмыстары, бостандықты шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Денсаулықты ауырлататын жағдайда жаза 7 жылға дейін ұлғаяды. Ал өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін әрекет жасағандар 5 жылдан 10 жылға дейін, ауыр жағдайларда 7 жылдан 12 жылға дейін сотталады.
Түзетулерді әзірлеушілер бұл норманың қабылдануын дәрігерлерге жасалған шабуылдың жиілеуінен деп түсіндірді. Олардың пайымынша, агрессияның көбеюі медицина қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын төмендетеді. Алайда бұл тұжырымды дәлелдейтін нақты деректер жоқ.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова қоғамда агрессия деңгейі артқанын атап өтіп, Денсаулық сақтау министрлігіне нақты сұрақ қойды.
– Пациенттердің тарапынан болған зорлық-зомбылық салдарынан медицина қызметкерлерінің жұмыстан кету статистикасы бар ма?
Вице-министр Тимур Сұлтанғазиев бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.
– Мұндай дерек бізде жүргізілмейді. Тек жалпы кадр тапшылығы туралы статистика бар: шамамен 4 мың дәрігер және 5 мыңға жуық орта буын маманы жетіспейді, – деді ол.
Сонымен бірге Сұлтанғазиев шетелге кетіп жатқан медицина қызметкерлерінің де көбейгенін айтты. Соңғы бес жылда 2,5 мыңға жуық маман Қазақстаннан тыс жерге жұмысқа кеткен.
@halyk_partiyasy