Конституциялық реформа және азаматтық қоғам

dep.jpg

Мәжіліс парламенттік реформаны талқылау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мемлекетті басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған белсенділердің, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың шамамен 300-ге жуық ұсынысы жұмыс тобының қарауына келіп түсті. Егер халық референдумда қолдаса, реформаның түпкі нәтижесі – кәсіби, көппартиялы, бірпалаталы Парламент қалыптастыруболмақ.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов та жұмыс тобының құрамында. Оның айтуынша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы осы реформаның өзегі.

– Бұл формула азаматтық қоғамды әрі қарай дамытуға, мемлекеттік билікті жаңғыртуға және саяси, экономикалық, әлеуметтік қатынастардың жан-жақты өзгеруіне сай туындап отыр. Әрине, әлемдегі ахуал да өз әсерін тигізеді. Сыртқы сын-қатерлер ішкі жағдайға ықпал етпей қоймайды, - деді Магеррамов.

Бұған дейін депутат әріптестерімен бірге «Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы» атты шараға қатысқан еді. Онда ауылдық округтердің әкімдері мінберге шығып, тез арада шешімін табуды қажет ететін мәселелерді ашық талқылады. Сол жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Президент Әкімшілігіне бірқатар тапсырма берді. Президент сондай-ақ депутаттарға ауыл әкімдері ұсынған бастамаларды заң шығару жұмысы барысында қарауды жүктеді.

– Кешегі диалог алаңын жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы үлкен жетістік дер едім. Ауыл әкімдерінің сөзін тыңдап отырып, елдегі реформалар арқылы демократияға бейімделу кезеңінен біз сәтті өткенімізді ойладым, - деді ҚХП депутаты.

Магеррамовтың пікірінше, 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекеттің функцияларын жаңа мазмұнда айқындап, мемлекеттік органдардың азаматтармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылының қағидаларын қайта белгілеп, азаматтық қоғамды ел өміріне кеңінен тартуға жол ашты.

– Мұның барлығы бүгінде нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз. Біз ел мен қоғамды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығаруға нық қадам жасап келеміз, - деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy