Қазақстан Халықтық партиясы парламенттік фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге жасаған жұмыс сапарын қорытындылады.
Сапар барысында мәжілісмен Павлодар облысына барып, жергілікті кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, отандық бизнесмендермен, мәслихат депутаттарымен, аудан орталықтары және ауылды елді мекендердің тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар Астанада Республикалық адвокаттар алқасы өкілдерінің, құқық қорғау органдарының және жеке сот орындаушыларының қатысуымен бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Одан бөлек фракция басшысы ҚХП орталық кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдауын өткізді.
– Біз өңірлердегі жұмыс сапарларымызды аяқтадық. Бірақ, әрине жалпы қызметімізді тиісті деңгейде жалғастыра береміз. Сәйкесінше, алдағы уақытта азаматтардың өтініші негізінде күн тәртібінде белгіленген мәселелерімен жұмыс істейтін боламыз, – деп атап өтті Магеррам Магеррамов.
Фракция басшысы негізгі мәселелердің бірі ретінде заманауи ақпараттық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын алаяқтық фактілерінің жиілегенін айтты. Қазақстандағы Қылмыстық кодексте ол үшін жаза қарастырылғанымен, "смартфон алаяқтары" айыппұл төлеп, ауыр жазадан құтылып кетеді. Ал депутаттың пікірінше, мұндай жағдайда қылмыскерді бірден бас бостандығынан айыру жазасына кесу қажет.
– Кейінгі кезде азаматтардың осындай алаяқтық әрекеттердің құрбанына айналуы жиілеп кетті. Сол себепті де алаяқтықтың бұл түрі үшін нақты әрі жан-жақты қарастырылған жаңа бап қажет. Сәйкесінше, онда аталған қылмыс үшін жазаны қатаңдату керек, – деп нақтылады фракция басшысы.
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы күзде Мәжіліс талқылауына түсетін заңнамаға өзгеріс енгізуге бағытталған бастамалармен жұмыс істеуді жалғастырады. Ал атқарушы биліктің араласуын талап ететін ең негізгі мәселелер Үкіметке жолданады.