Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гаухар Танашева өңірлерге жұмыс сапары барысында Меркі, Т. Рысқұлов аудандарының көпбалалы аналарымен кездесті.
Мәжілісмен үкімет көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беруі керек екенін атап өтіп, ана мен бала ешнәрсеге мұқтаж болмай өмір сүруге тиіс деген пікір білдірді.
– Көпбалалы аналар демографиялық дүмпу жасап отыр. Олар болашақ отан қорғаушыларды, салық төлеушілерді, еңбек күшін, ғылым мен білімге өлшеусіз үлес қосатын ғалымдарды тәрбиелеп жатыр. Үкімет осыны назарға алып, көпбалалы отбасыларға үздіксіз қамқорлық танытуы керек, – деді депутат.
Г. Танашева көпбалалы ана масыл емес дегенді шегелеп жеткізді.
– Көпбалалы аналарды жұмыс істемегені үшін масыл деуге болмайды. Осылай ойлайтындар мен айтатындарға ойы мен сөзін, ұстанымы мен психологиясын өзгерту қажет, – деді мәжілісмен.
Депутат көпбалалы отбасылар көп жағдайда ипотека рәсімдей алмайтынын, сондықтан үкіметтің арзан бағамен жалға беретін тұрғын үйінен үмітті болатынын айтты.
– Көпбалалы аналардың зейнетке шығу мәселесін де біріздендіру қажет. Қазір бізде 5 баласы бар көпбалалы ана зейнетке 53 жаста шығады. Біз 4 баласы бар көпбалалы аналар да осы жаста зейнетке шығуы керек деген мәселені көтердік. Нақты нәтижеге жету үшін уақыт қажет, – деді депутат.