Гаухар Танашева: «Қоғам кедейлік пен әділетсіздіктен шаршады!»

Қазақстан Халық партиясының депутаты Гаухар Танашева өңірлерге жасаған жұмыс сапарын қорытындылады. Мәжілісмен еліміздегі көптеген әлеуметтік мәселелер барлық облыстарға тән және созылмалы сипатқа ие екенін атап өтті.

Сапар барысында Гаухар Танашева Алматы, Шымкент, Қонаев, Талғар қалаларына барып, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарын аралады. Сонымен қатар аудан орталықтарына, ауылдар мен кенттерге аялдап, көпшілікпен кездесті.

Депутат өңірлердегі мектептер мен ауруханаларға күрделі жөндеу қажет дегенді алға тартып, шаруаларға жайылымдық жер жетіспейтінін жариялады. Бұған қоса көпбалалы және әлеуметтік қорғалмаған отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін мәлімдеді. Сонымен қатар медицина саласы қызметкерлерінің жалақысының мардымсыздығына назар аударды.

– Медицина саласында кадрлардың тұрақтамауы белең алған. Оңалту орталықтарында орын тапшы. Ерекше қажеттілігі бар адамдар медициналық көмекке зәру, – деді Гаухар Танашева.

Қазақстан Халық партиясының өкілі әлеуметтік мәселелерді шешудің тың тәсілдерін ұсынды. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы үшін қолжетімді баспана беру тетігін енгізу, көпбалалы ана мәртебесін өмір бойы сақтау, атаулы әлеуметтік көмектен бас тарып, балаларға ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы тағайындау.

– Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы жұмыс істемейтін аналар жүздеген сынақтан өтуі керек, – деді Г. Танашева. – Әдетте, бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңының салдарынан әйелдердің салы суға кетеді.

Мәжілісмен Үкімет көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аударуға тиіс екеніне тоқталды. Ол ана мен бала мемлекеттің ерекше қорғауына мұқтаж екенін айтты.

– Үкімет жұмысын жоспарлы һәм жүйелі ұйымдастырса, қазіргідей кемшіліктер болмас еді, – деп санайды депутат. – Өкінішке қарай, бізде бұлай емес. Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан халыққа ақша жетпейді. Атқарушы билік міндетін мінсіз атқарса, көптеген мәселелер өздігінен шешілетін еді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy