әлеуметтік желіден
«Географияға қатысты жағдай» жалғасын тапты. Бұл пән мектеп бағдарламасына бұрынғы көлемінде қайтарылуы мүмкін деген үміт бар. Бұған дейін география пәнінің мұғалімдері ашық хат жолдап, пәнді оқытудың жаңартылған тәсілін сынға алған болатын. Жаңа әдістеме бойынша оқушыларға географиялық және контурлық карталармен жұмыс істеу үйретілмейді, ал пәнді игеруге тым аз уақыт бөлінген. Кейбір өңірлерде жоғары сыныптарда география мүлде оқытылмайды.
Жақында Мәжілісте «Мектептердегі Қазақстан географиясы: елдің тұрақты болашағының іргетасы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ педагогтар мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.
– География өз елің туралы білімді әлемдік үдерістерді түсінумен ұштастырады, – деді дөңгелек үстелдің модераторы, Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова.
Оның сөзін әріптесі, ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейтжан қолдады.
– Климаттық, су және азық-түлік сын-қатерлері жағдайында мектепте берілетін білім жауапты азаматтар буынын қалыптастырады,– деп санайды мәжілісмен. – Қазақстан географиясы – еліміз және оның әлемдегі орны туралы түсінік қалыптастыратын негізгі пән.
Депутат Ажар Сағындықова географияны мектепте сақтап қалу талғамға немесе әдіскерлер арасындағы дауға қатысты мәселе емес екенін атап өтті.
– География аумақ туралы түсінік қалыптастырады, ал аумақ – егемендіктің негізі, – деді ол. – Бұл мемлекеттің тұрақтылығына тікелей әсер ететін саяси ойлау.
Қазіргі таңда аяусыз оңтайландырылған пән қалпына келтіріледі деген үміт пайда болды. Географияны маңызды пән деп санайтын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселемен тікелей айналыса бастады. Алайда әзірге 2016 жылы қабылданған мемлекеттік стандарт күшінде және білім саласындағы көптеген шенеуніктер онымен қоштасуға асығып отырған жоқ.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Жәмилә Есанова 10 жыл бұрын шыққан ескі бұйрыққа сілтеме жасады. Сол құжатқа сәйкес, мектептерге жаңартылған бағдарлама енгізілген. Ол жоғары сынып оқушыларының оқу жүктемесін қысқартуды көздеген. Көп жағдайда географияның оқытылуын, не оқытылмауын мектеп директорлары шешеді.
– Еліміздің барлық өңірінен дерек жиналды, – деді Жәмилә Есанова. – Біз қай мектептерде жоғары сыныптарда пән «түсіп қалғанын» талдап жатырмыз. Қазіргі кезеңде оқу сағатының санын қайта қарау жөнінде шешім қабылданды.
Осы жерде пәнді қайта қалпына келтіруді мұғалімдердің өздері құптамауы мүмкін екені анықталды.
– Бір ньюанс бар, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша сағаттарды қайта көбейту кезінде алты күндік оқу аптасын қайтару қажеттілігі туындауы мүмкін, – деді вице-президент. – Бұл педагогтер арасында әлеуметтік шиеленіс тудыруы ықтимал.
Дөңгелек үстел қорытындысында тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын қарар қабылданды.
– Біз «география» пәнінің мәртебесін көтеру және оқушылардың білім сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз, – деп түйіндеді Ирина Смирнова. – Біз бұл пәнді қайта жаңғыртуымыз керек!
@halyk_partiyasy