Қазақстан Халық партиясы еңбек адамын құрметтеу акциясын жалғастырып жатыр. Осы шара аясында партия өкілдері әр өңірде еңбек ұжымдарымен кездесіп, оларға құттықтау хат табыстауда. Акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан Халық партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Петропавлдағы Оңтүстік Орал теміржолы бөлімшесінің («РТЖ» ААҚ өкілдігі) қызметкерлеріне салтанатты түрде құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ теміржолшыларға сый ретінде микротолқынды пеш тарту етілді. Кездесу барысында қатысушылар Қазақстандағы нақты секторды дамыту перспективаларын және ҚХП-ның негізгі бағдарламалық бағыттарын талқылады.
Ал Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қалалық Электр желілері басқармасы ұжымын құттықтады. Филиал төрағасының міндетін атқарушы Ранида Балжанова өзге партияластармен бірге мекеменің бас инженерімен кездесіп, ұжым қызметіне табыс тіледі.
Алматы қалалық филиалы «LCI-MK» темір-бетон конструкциялары зауытының жұмысшыларымен жүздесті.
– Биылғы жыл еңбек адамдарына арналды. Өйткені олар өз шеберлігімен, кәсібіне деген адалдығымен және ерен еңбегімен Қазақстанның дамуына берік негіз қалайды. Сіздер – бейбіт күннің батырларысыздар!, – деді партиялықтар.
ҚХП өкілдері жұмысшы мамандықтар шеберлікті, төзімділікті, рух мықтылығын және үнемі дамуды талап ететін жай жұмыс қана емес, нағыз өнер екенін атап өтті.
– Сіздердің арқаларыңызда қалалар салынып, көпірлер тұрғызылып, инфрақұрылым дамуда, яғни еліміз қуатты әрі гүлденген мемлекетке айналуда. Біз жұмысшы мамандықтарының маңызы жыл сайын арта түсетініне және сіздердің еңбектеріңіз лайықты бағаланып, әділ марапатталатынына сенімдіміз, – деді партия мүшелері.