МӘМС жүйесіндегі жаңа өзгерістер

dep.jpg

Денсаулық сақтау министрлігі Мәжіліске міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселелеріне қатысты заңнамаға енгізілетін өзгерістерді таныстырды. Талқылаудан кейін құжат жұмыс топтарының қарауына жіберілді.

Талқылау барысында Қазақстан Халық партиясының депутаты Асылбек Нұралин дағдарыс жағдайындағы және әлеуметтік жағынан төтенше деңгейдегі азаматтарды (D және E санаты) медициналық сақтандыру қалай жүзеге асатынын сұрады.

– Мұндай қажеттілік тәжірибе жүзінде қалай анықталады? Мемлекеттік корпорация бұл жаңа функцияларды орындауға дайын ба? Бұл процесті автоматтандыру қарастырылған ба? – деп сұрады Мәжіліс депутаты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл міндеттер мемлекеттік корпорацияға жүктеледі деп сендірді. Сонымен қатар оның айтуынша, қызметтерді автоматтандыру мәселесі де қарастырылған, сондықтан техникалық қиындықтар туындамайды. Бірақ әкімшілендіру жағы әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Қазір екі нұсқа ұсынылып отыр. Біріншісі – D және E санатындағы барлық азаматтарды күнтізбелік жылға сақтандыру. Екіншісі – «белсенді емес сақтандыру» жүйесін енгізу, яғни азамат медициналық ұйымға жүгінген сәттен бастап, жылдың соңына дейін «сақтандырылған» мәртебесін алады.

– Қазіргі заң жобасында екінші нұсқа қарастырылған. Егер сіздер бұл ұсынысты қолдасаңыздар, ол заңмен бекітілетін болады, – деді министр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy