Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Ішкі істер министрлігі академиясының қызметкерлерімен онлайн-кездесу өткізіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасау мәдениеті туралы әңгімелесті.
Қазіргі қоғам инклюзия мәдениетін қалыптастыруға, сол арқылы этикалық тұрғыдан дұрыс әрі сауатты терминологияны орнықтыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Ол үшін арнайы ағартушылық жұмыстар ғана емес, жалпы қоғамдық қарым-қатынас та жаңа деңгейге көтерілуі қажет.

– Біз кейде қарапайым жағдайлардың өзінде қателесіп жатамыз: көмекті қалай дұрыс ұсыну керек, қамқорлықты қалай білдіру керек, сөзімізбен не әрекетімізбен қалай қолдау көрсетеміз дегендей, – деп атап өтті депутат.

Дұрыс сөз қолданысы өзара түсіністікке жол ашады. Өзін тәрбиелі санайтын адам үшін де мүмкіндігі шектеулі жандармен сөйлескенде ескеруге тиіс ұсыныстар артық болмайды. Әсіресе бұл құқық қорғау саласында жұмыс істейтіндер үшін аса маңызды. Осындай кездесулер өзара конструктивті байланыс орнатуға сеп болады.
– Осындай сәттерде қоғамымыздың инклюзияға қаншалықты дайын екенін байқаймыз. Ол үшін ең алдымен әрқайсымыз жақсыға ұмтылуымыз қажет. Егер әркім кішкентай ғана қадам жасаса, баршамызға үлкен өзгерістерге жол ашылады, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
@halyk_partiyasy