Астанада ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған цифрлық инновациялар көрмесі өтті

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы алаңында, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкілі кеңсесінің қолдауымен «Көру қабілеті нашар адамдардың бейімделуі мен оңалтудың жаңа жоғары технологиялары» атты үшінші халықаралық цифрлық технологиялар көрмесі өтті. Іс-шара барысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ең озық техникалық жетістіктер таныстырылды.

Мәжіліс депутаты, ҚХП мүшесі және омбудсмен Кенжеғұл Сейтжанның айтуынша, қазіргі тифлотехникалық шешімдер тек құрал-жабдықтар мен гаджеттер туралы ғана емес, ең алдымен – адам абыройы, көру қабілеті шектеулі азаматтардың еңбек ету, демалу және шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі туралы. Бұл – шынайы инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам.

– Мұндай бастамалар инклюзияның жай ұран емес, мыңдаған адамның күнделікті өмірін өзгертетін нақты әрекет екенін көрсетеді. Бұл қадамдарды біз бірге жасап келеміз, - деді депутат-омбудсмен.

Көрме аясында қатысушыларға АҚШ-та HumanWare компаниясы American Printing House for the Blind ұйымымен бірлесіп әзірлеген жаңа буындағы MONARCH дисплейі таныстырылды. Бұл құрылғы Брайль қарпіне бейімделген және көру қабілеті нашар адамдарға ақпаратты толыққанды қабылдап, білім алып, еңбек етуге мүмкіндік береді. MONARCH арқылы пайдаланушы кескіндерді «сезіне» алады, графикалар мен сызбалармен жұмыс істей алады. Құрылғыны компьютерге үнемі қосып отырудың қажеті жоқ – ол USB арқылы дерек жүктеуге және Wi-Fi желісіне қосылуға мүмкіндік береді. Осылайша көру қабілеті шектеулі жандар кітаптар мен құжаттарды өз бетінше ашып, графикалық файлдармен де жұмыс істей алады.

Көрменің құрметті қонақтары қатарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің өкілдері болды. Олар таныстырылған құрылғылардың Қазақстан нарығына жеткізілу мүмкіндіктерін талқылады.

Кенжеғұл Сейтжанның пікірінше, жаңа цифрлық технологияларды пайдалану – нағыз теңдікке бастайтын жол.

– Біз әр азаматтың денсаулық жағдайына қарамастан, елдің экономикалық және қоғамдық өміріне толыққанды араласуына жағдай жасауымыз керек және жасай аламыз. Бұл – тең мүмкіндіктер қоғамына бастайтын нақты қадам. Бүгінгі таныстырылым осы бағыттағы ілгерілеудің айқын көрінісі, - деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy