Еркіндік шекаралары

dep.jpg

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия сөз бостандығы мен азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға қатысты ҚР Конституциясының кейбір нормаларын нақтылауды көздеп отыр. Бұл бастама өздерін оппозиция деп санайтын бірқатар блогерлер мен БАҚ-тың теріс реакциясын туғызды.

Конституциялық баптың бұрынғы редакциясында: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды» делінген. Жаңа редакцияда: «Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды және заңмен қорғалады» деп жазу ұсынылды.

Бұл жерде Қазақстан ерекшеленіп отырған жоқ – әлемнің көптеген конституцияларында ар-намысты, бедел мен қадір-қасиетті қорғау туралы айтылады. Сондай-ақ халықаралық құқық нормаларында, атап айтқанда, бұл туралы Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде де жазылған.

Осы пактіде әркімнің еркін пікір білдіру құқығы, оның ішінде ақпарат пен идея іздеу, алу және тарату еркіндігі туралы айтылады. Бірақ бұл құқық заңмен шектелуі мүмкін: біріншіден, басқалардың құқықтары мен беделін құрметтеу мақсатында, екіншіден, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын немесе адамгершілігін️ қорғау үшін.

Талқылауға конституциялық шектеулер тізбесіне «ар-намыс пен қадір-қасиетке қол сұғу» (қазірдің өзінде заң деңгейінде қорғалады) деген түзету қосу, сондай-ақ «халықтың адамгершілігі» терминін «рухани-адамгершілік құндылық» деген сөзбен алмастыру ұсынылды. Бұл да әлеуметтік желілерде теріс пікір туғызды.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіпті деп санамайды.

– Бүгінгі таңда әркім өз ойы мен сөзін жеткізуге құқылы. Бұл біздің ел мен қоғамның дамығанының белгісі, – деді мәжілісмен. – Біздің заңнамамыздың мақсаты қоғамды және әрбір жеке адамды жала жабушылар мен дөрекілерден сенімді түрде қорғау болуы тиіс. Қоғамда мұндай адамдарға тиімді ықпал ету құралдары болуы тиіс.

Депутат Конституцияның адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы бабының ұсынылған нормасы қорғанудың тиімді шарасы болатынына сенімді екенін айтты.

– Қалыпты қоғамдағы құқықтар мен бостандықтар жауапсыздық пен азғындыққа жол бермейді, – деп атап өтті ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy