
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов шетелдік гранттық қаржыландырудың ашықтығына қатысты мәселе елдің ұлттық қауіпсіздігімен тікелей байланысты деп атап өтті.
Пленарлық отырыста депутат шетелден қаржы алатын ұйымдар тізіміне қайта назар аударды. Оның айтуынша, онда көрсетілген ақпарат өте аз, және ең бастысы – қаражаттың кімнен, кімге, қайда және қандай мақсатта бағытталғаны көрсетілмеген.
– Реестрге тізбектің алғашқы буындары ғана енгізіледі. Шетелден келген қаражат халықаралық ұйымдардың филиалдарына түседі, ал одан әрі ел бойынша екінші деңгейлі гранттар ретінде таралады. Қоғаммен тікелей жұмыс істейтін негізгі тұлғалар көзден таса қалады, – деді ол.
Мұндай схема маңызды әлеуметтік бастамаларды қолдауға да, азаматтардың санасына теріс ықпал жасауға да қолданылуы мүмкін. Яғни, теріс идеологияны насихаттау, ұлттық немесе әлеуметтік алауыздық тудыру, қоғамдағы тұрақтылықты бұзу сияқты әрекеттерге бағытталуы ықтимал.
– Өкінішке қарай, бұл салада заңнамалық олқылықтар бар. Біз Үкіметке сол мәселелерді жоюды ұсынамыз, – деді депутат.
Бұған дейін ҚХП фракциясы шетелден қаржылай көмек алатын ұйымдардың қызметін реттейтін заң жобасын ұсынған еді, алайда Үкімет оны қолдаған жоқ. Қазір партия өкілдері шетелдік грант алу мен реципиенттердің толық есептілігіне бақылау орнататын заңнамалық механизмді әзірлеуді талап етіп отыр. Ақпарат беруден бас тартқан жағдайда айыппұл салынатын болады.
– Бұған бөлек заң шығару міндетті емес. Тек Салық кодексіне, Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне және басқа да заңдарға түзетулер енгізсе жеткілікті. Қоғам бұл ұсынысты дұрыс қабылдайтынына сенемін. Ал шетелден қаржы алып жүргендер, әрине, наразы болады, – деп нақтылады Магеррамов.
Депутат бұл мәселе бойынша ҚХП ұстанымы өзгермейтінін, бұл партия саясатының бір бөлігі екенін атап өтті.
– Біз үшін ең бастысы – мемлекет пен халқымыздың мүддесі! Біз бұл тақырыпты хайп үшін көтеріп отырған жоқпыз. Жағдайды мұқият бақылап, осы бағытта жұмыс істеп, ел мүддесін жүйелі түрде қорғаймыз, – деді ол.
@halyk_partiyasy