Парламентте палаталардың бірлескен отырысы өтіп, VIII шақырылымның бірінші сессиясы қорытындыланды. Алдағы уақытта парламентшілер халықпен кездесу үшін өңірлерге аттанады.
Ерлан Қошанов Парламенттің осы сессиясы небары 100 күнге созылғанына қарамастан, атқарған жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болғанын атап өтті.
– Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақытылы ұсынбай отыр.
Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр. Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс, – деді Е.Қошанов.
Сонымен бірге Палата төрағасы депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындысын қарау мерзімі ұзаққа созылатынына, белгіленген тәртіптің көп жағдайда сақталмайтынына мән берді. Осы орайда Үкіметті қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарауға шақырды.
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы да өз жұмысын қорытындылады.
Фракция басшысы Магеррам Магеррамовтың айтуынша, 3 ай ішінде ҚХП депутаттары өзекті тақырыптар бойынша 5 дөңгелек үстел ұйымдастырып, 25 депутаттық сауал жолдады. 300-ге жуық заңнамалық ұсыныс енгізіп, азаматтардың 809 өтінішін қарады. Адвокатура, кәсіподақ ұйымдары және күзет қызметі мәселелері бойынша 3 заң жобасын әзірледі. Фракцияның көші-қон мәселелеріне арналған жобасы Парламентте VII шақырылымнан бастап қаралуда.
– Біздің фракцияның мақсаты партияның сайлауалды бағдарламасы мен саяси ұстанымын жүзеге асыру, – деп атап өтті М. Магеррамов. – Біз сайлаушылар алдындағы міндеттемелерімізді орындауға тиіспіз.
6 партиядан құралған Парламенттің қазіргі құрамында бір мандатты округтен сайланған депутаттар жұмыс істейді.
– Парламентте пікір алуандығы мен фракциялар арасындағы бәсекелестік артып келеді, – деді ҚХП фракциясының басшысы. – Біз сайлау науқанына қатыстық, сайлаушыларға уәде бердік. Бізге дауыс берген адамдар уәделердің орындалуын күтіп отыр.
ҚХП парламенттік фракциясы сайлаушыларға партияның youtube-каналында толық есеп береді. Осыдан соң мәжілісмендер халықпен кездесу үшін өңірлерге сапарға шығады.