Халық саны өссін десек...

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының депутаты Гаухар Танашеваның пікірінше, ел билігі демографиялық саясатты жетілдіруді нақты қолға алуы тиіс. «Ештен де, кеш жақсы» дегендей.

– Халықтың демографиялық өсімі елдің дамуында маңызды рөл атқарады, - деп атап өтті Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде Мәжіліс депутаты. - Халық санының өсуі жалпы нарықтың кеңеюіне, тұтынушылық сұраныстың ұлғаюына және өндірістің дамуына ықпал етеді.

Депутат елімізде нақты демографиялық саясаттың қалыптаспағанын, сондай-ақ оны қалыптастырумен айналысатын құрылымдардың да жоқ екенін атап өтті. Халықтың өсімі көңіл көншітерлік емес, соңғы 32 жыл ішінде Қазақстан халқы небәрі 4 миллионға ғана өсті. Ал көршілес Өзбекстанда осы жылдар ішінде демографиялық өсімнің оң динамикасы тіркелген, онда өсім 15 миллион болды.

Гаухар Танашева өзбек тәжірибесін қолдануды ұсынды. Атап айтқанда, ҚР Үкіметі жанынан Отбасы, әйелдер және балалар істері жөніндегі мемлекеттік комитет құру.

– Бұл Комитет мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ аналар мен балалардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін негізгі орган болады, - деп мәлімдеді ҚХП депутаты.

Халық санын арттырудың тағы бір әдісі - көші-қон саясатын сәтті жүзеге асыру. Тәуелсіздік жылдарында миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына оралды. Мәжілісмен «қандас» мәртебесін алу үшін рәсімдерді жеңілдетуді және жалпы бюрократиялық кедергілер санын азайтуды ұсынды.

– Біздің мемлекетіміздің әрбір азаматы маңызды ресурс болып табылады. Көші-қонды қолдауды қоса алғанда, адами әлеуетті дамытуға инвестиция салу елдің барлық салаларда орнықты және теңгерімді дамуына ықпал ететін болады, - деп түйіндеді Танашева.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy