АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын белсене жүргізіп жатыр. Штаб құрамына енген депутаттар елімізде атом энергетикасын дамытудың маңызы туралы ақпаратты әрбір қазақстандыққа жеткізу үшін бар күш-жігерін салуда.
Мәжілісмен, Қазақстан халықтық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов депутаттық корпустағы әріптестерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Халық қалаулысы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда «Агро-Есіл» ЖШС және «Намыс» ЖШС еңбек ұжымдарымен, Ставрополь орта мектебінің ұстаздарымен кездесті. Тиісінше, депутаттар барлық жерде елімізге атом электр стансасы қажет екендігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Біздің партия, біздің фракция атом электр станциясының құрылысын қолдайды. Бүгінде оның экологиялық таза әрі арзан электр энергиясы екенін бүкіл әлем түсініп отыр, - деді фракция басшысы.
Мәжілісмендер Айыртау ауданына қарасты ауылдарда да болды. Атап айтқанда, Кирилловка ауылындағы орта мектепте және Саумолкөл ауылындағы Мәдениет үйінде кездесу ұйымдастырды. ҚХП депутаты жергілікті тұрғындарға дүние жүзіндегі ең дамыған елдерде: Қытай, АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа да көптеген мемлекетте ондаған атом электр станциялары салынып жатқанын айтты.
«Өнеркәсіпті арзан электр энергиясымен қамтамасыз ету арқылы ғана ел экономикасын бәсекеге қабілетті етуге болады», - деді Магеррамов.
ҚХП фракциясының басшысы әріптестерімен бірге Уәлиханов ауданына қарасты Қаратерек және Тілеусай ауылдарында, Ақжар ауданындағы Талшық ауылында және Тимирязев ауданындағы Дмитровка ауылында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша Магеррамов халық АЭС салу туралы бастамаға оң қабақ танытып отырғанын айтты.
«Атом электр станциясын салу қажеттілігі туралы халық арасында жалпы түсінік бар. Ал оның негізгі нәтижесін 6 қазанда өтетін референдумда көреміз», - деді ол.