Қазақстан Халық партиясы өзінің 20 жылдығына арналған «Халықпен бірге 20 жыл!» акциясын өткізеді. Алдағы мерейтойға орай еліміздің барлық өңірлерінде партия өкілдіктері ұйымдастырған салтанатты іс-шаралар мен есеп беру жиналыстары өтеді.
Мереке қарсаңында ҚХП Қызылорда облыстық филиалы Достық үйінің мәжіліс залында облыстық және қалалық мәслихат басшылығы, «Аманат» партиясының мүшелері, әкімдік қызметкерлері мен ҚХП белсенділері қатысқан алқалы жиын ұйымдастырды.
Жиын барысында Қазақстан Халық партиясының 20 жылдығына арналған бейнеролик көрсетіліп, партияның жалпы жұмысы, оның облыстық филиалы мен жергілікті жастар қанатының қызметі туралы баяндамалар жасалды. Қызылорда қаласының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайыруллаев филиал ұжымына құттықтау хатын табыс етті.
ҚХП Түркістан облыстық филиалы акция аясында «Фараб» кітапханасында салтанатты жиналыс өткізіп, партияның мерейтойына арналған көрмені ашты. Іс-шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының басшылығы, сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері мерейтой иелерін құттықтады. Филиал төрайымы Зухра Қамбарова ҚХП-ның 20 жыл ішіндегі жұмысы туралы баяндама жасады. Партия белсенділері мен ардагерлері сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысындағы партия мүшелері өздерінің мерекелік іс-шарасын партияның құрылуы мен қалыптасуы туралы тарихи экскурсиядан бастады. Олар ҚХП парламенттік фракциясының көпжылдық жұмысы мен жергілікті филиалдың қызметі туралы айтып берді. Ақсақалдар кеңесінің өкілі Әлібек Нұрмұхамбетов партияның атына жылы лебізбен сөз арнады. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит де партия мүшелерін шын жүректен құттықтап, ҚХП белсенділігін жергілікті билік органдары жоғары бағалайтынын атап өтті. Әкімдік филиал төрағасы Қайрат Мусинді Алғыс хатпен марапаттады. Мереке Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Леонард Острокостовтың музыкалық өнер көрсетуімен аяқталды.