АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмысқа Қазақстан Халық партиясы да белсене қатысуда.
Осы ретте, ҚХП Астана қалалық филиалының басшысы Нұрдәулет Оразханов «Ailand Astana» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Шара барысында ол басқа да спикерлермен бірге елімізде атом электр станцияларын салудың негізгі артықшылықтарына тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
– 6 қазанда өтетін республикалық референдумда бәріміз дұрыс таңдау жасауымыз керек, - деді Оразханов.
ҚХП Балқаш қалалық филиалының жетекшісі Қаныш Ысқақов партия мүшелерімен және қалалық мәслихаттағы өзге әріптестерімен бірге Гүлшат ауылына барды. Олар ауыл тұрғындарына АЭС құрылысының қажеттілігін түсіндіріп, тұрғындарды қызықтырған сауалдарға жауап берді. Ал Абай облысында ҚХП жергілікті филиалы төрағасының орынбасары, Халықтық штабтың белсендісі Ерлан Кеңесбаев Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет ұжымымен жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында ол Қазақстанда АЭС салу тек энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуден бөлек, елдің өңірлік инфрақұрылымын дамытуға да септігін тигізетінін айтты. Сонымен қатар, басқа саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де сөз сөйлеп, ақпараттық жұмыс жүргізді.
Осындай іс-шара ҚХП мүшесі Баймырза Омаровтың қатысуымен Шымкенттегі №2 балалар музыка мектебінде де өтті. Олар мекемедегі ұстаздар қауымына атом энергетикасын артықшылықтары туралы айтып берді. Ал ҚХП Шымкент қалалық филиалының басшысы Бақтияр Жандарбеков қаланың шығармашылық зиялы қауымымен және Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті.
– Бүгінде Қазақстан үшін атом электр станциясын салу өте қажет. Елдегі электр энергиясына деген сұраныс артып келе жатқан шақта АЭС осы мәселенің тиімді шешімге айналмақ, – деді Жандарбеков.
Ол сонымен қатар, заманауи станциялар экологиялық түрғыдан және басқа да қауіп-қатерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін қатаң қауіпсіздік стандарттарын ескере отырып салынатынын атап өтті.