АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшесі, Ақмола облыстық ҚХП филиалының жетекшісі Арман Тастамбеков үгіт-насихат барысында белсенді жұмыс істеп, қазақстандықтарды еліміздегі АЭС құрылысын қолдап дауыс беруге шақырды. Халыққа АЭС туралы барынша ақпарат беру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда: үгіт-насихат жұмыстары, дөңгелек үстелдер, ақпараттық-түсіндіру бағытындағы кездесулері және тағы басқа.
Мәселен, Тастамбеков Халықтық штабтың жұмысы аясында «Есіктен есікке» акциясына қатысты. Партия мүшесі жергілікті тұрғындармен тілдесіп, оларға ақпараттық буклеттер тапсырып, еліміз үшін атом электр станциясын салудың стратегиялық қажеттілігін кеңінен түсіндірді. Ол қала тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, АЭС елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті.
– Атом электр станциясының құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, энергия импортына тәуелділікті азайтуға және экологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді, - деді Арман Тастамбеков.
Оның айтуынша, халықпен бетпе-бет жүздесуге мүмкіндік беретін мұндай шаралар азаматтарды ақпараттандыру және АЭС сияқты стратегиялық маңызды жобаларға деген халық сенімін нығайтудағы маңызды қадам саналады.
Сондай-ақ, түсіндіру жұмыстары аясында Ақмола облыстық Халықтық штабы Көкшетау қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының педагогикалық ұжымымен кездесу өткізді. Мұғалімдер мен мектеп ұжымы диалогқа белсене қатысып, атом энергетикасы мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді және шақырылған сарапшылардың ұстанымына қызығушылық танытты.
– АЭС құрылысы елдегі электр энергиясының тапшылығын азайта отырып, халқымыздың болашағын одан әрі тұрақты әрі сенімді ете түспек. Атом электр станциясы – ол жай ғана инфрақұрылымдық нысан емес, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің кілті, – деді партия мүшесі.
Сонымен қатар, Арман Тастамбеков халыққа Қазақстан АЭС салудың маңызды екені жөнінде ақпарат беру үшін жасалған үгіт-насихат материалдарын орналастыруға да белсене қатысты.