Қала күніне байланысты ұйымдастырылған мерекеге орай Қазақстанның аты аңызға айналған опера әншісі Бибігүл Төлегенова өзінің туған жері Семей қаласына барды. Абай Құнанбайұлы атындағы театрда «Халықтың Бибігүлі – Қазақтың бұлбұл үні» атты үлкен концерт өтті. Шара аясында халық әртісінің 95 жасқа толған мерей тойы да аталып өтті.
Концерттік бағдарламада қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар, сондай-ақ оркестрлік шығармалар орындалды. Шара барысында қонақтар Бибігүл Ахметқызының еңбек жолындағы ең маңызды сәттер туралы естеліктерін бөлісті.
ҚХП Абай облыстық филиалының өкілдері құрметті қонаққа Алғыс хат табыстап, бұлбұл әншнің көп жылғы еңбегі үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
«...Қиыны мен қызығы қатар жүретін өнер жолында әрдайым тыңдармандарыңыздың қошеметі мен махаббатына бөленіп келесіз. Осы жолда Қазақстанның мәдени мұрасына қосқан баға жетпес үлесіңіз бір төбе. Қазақтың күміс көмей бұлбұлы ретінде әлемнің бірқатар елінде танымалдыққа иесіз. Оған қоса, өміріңіздің елеулі бөлігін музыканттардың жаңа буынын өнерге баулып, дәстүрлі классикалық музыкаға деген сүйіспеншілігін қалыптастыра отырып, шәкірт тәрбиелеуге арнадыңыз. Бүгінде Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде талантыңызға тәнті болып, сізді қашан да құрметтейтін жанкүйерлеріңіз көп...», – деп атап өтті партия өкілі.
Сондай-ақ партия мүшелері аты аңызға айналған әншіге зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тіледі.
«...Сіздің ерік жігеріңіз бен шығармашылық саладағы қажырлы еңбегіңізді қашанда үлгі тұтамыз....» деп атап өтті олар.
Кеш соңында Бибігүл Төлегенова мерекеге қатысқан барша қонаққа бата берді.