«Халық аманаты» – Қазақстан Халық партиясының жаңа жобасы. Бұл бастама аясында ҚХП мүшелері өңірлік филиалдар мен мемлекеттік органдардағы өкілдері арқылы халықпен тұрақты байланыс орнатып, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған халықтық бастамаларды ілгерілетуді мақсат етіп отыр.
Алматы облыстық филиалының өкілдері партиялық бақылау аясында «UNIFRUIT PRODUCTION» компаниясына барды. Бұл кәсіпорын – Орталық Азиядағы алдын ала кернелген темірбетон шпалдар мен тіректерді өндіретін жалғыз зауыт. Компания итальяндық технологияларды қолданып, жол құрылысы мен ауыл шаруашылығы салалары үшін заманауи шешімдерді ұсынады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 5600 желілік метр өнімді құрайды.
– Өнеркәсіп көшбасшыларымен серіктестік – өңірдің дамуы үшін маңызды қадам! – деп атап өтті партия өкілдері.
Сонымен қатар алматылық партия мүшелері Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласы әкімінің орынбасары Алма Болатовамен кездесті. Кездесу барысында жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелер мен қаланың даму болашағы талқыланды.
«Халық аманаты» жобасы аясында Ақмола облыстық филиалының өкілдері Степногорск қаласына іссапармен барды. Сапардың басты мақсаты – қаланың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына кешенді талдау жүргізу.
– Сапар барысында біз қала тұрғындарымен кездесіп, олардың өмір сүру сапасына, инфрақұрылымға және шешілмеген мәселелерге қатысты пікірлерін тыңдадық, – деді партия мүшелері. – Халықпен кері байланыс – өмір сүру жағдайын жақсартуға және өзекті мәселелерді тиімді шешуге жасалған маңызды қадам!