ХҚКО қызметкерлеріне мәртебе беру қажет

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов сайлаушылармен кездесу барысында елордадағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және Алматы ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына барды.

Депутат спорт мектебі директорының м.а. Асылан Мұстафинмен кездесті. Мектеп көркем және спорттық гимнастика, батутта секіру сондай-ақ акробатика бағыты бойынша білім береді.

Атап көрсетерлігі білім беру ордасының ғимараты тозған. 1998 жылы салынған мектеп жеңіл атлетикамен айналысқысы келетін спортшылардың барлығын бірдей қабылдай алмайды. Мектепке ыңғайлы және мамандандырылған бөлмелер қажет. Бұл жерде кадр мәселесі де өзекті болып тұр.

– Жаттықтырушы жетіспейді, – деп атап өтті мектеп қызметкерлері. –Жаттықтырушының жалақысы120-150 мың теңге. Мұндай жалақыға жұмыс істеуге келісім беретіндер аз.

Бұдан кейін депутат М. Магеррамов Алматы ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ филиалының басшысы Мәди Садановпен жүздесіп, орталықтың қызметімен танысты. М. Магеррамов ХҚКО қызметінің маңыздылығын, пандемия жағдайындағы күрделі кезеңге бейімделу қабілетін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясы осындай орталықтардың қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын күшейтуге бағытталған заң жобасына бастамашы болғанын жеткізді.

Естеріңізге салайық, ҚХП бұған дейін ХҚКО қызметкерлерін мемлекеттік қызметшілермен теңестіруді ұсынған болатын.

– Біз Үкімет ХҚКО жұмысына назар аударуды күшейтуі тиіс деп санаймыз, – деді М. Магеррамов осыған дейін жариялаған депутаттық сауалдарының бірінде. – Орталықтардың қызметкерлерін әлеуметтік ынталандыруға ерекше назар аудару қажет. Мардымсыз жалақы мен әлеуметтік қолдаудың болмауы мәселені ушықтырып тұр. Біз ХҚКО қызметкерлерінің мәртебесін анықтауды ұсынамыз. Бүгінгі күні олар мемлекеттік қызметшілердің де, азаматтық қызметшілердің де санатына жатпайды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy