Семей қаласындағы Холодный ключ шағын ауданына тасжол төселді. Жергілікті тұрғындар ауданды абаттандыру ісі осымен аяқталады деп қауіптеніп отыр.
Холодный ключ Семей қаласының аумағына қосылды. Бұл жердің жолы жөндеуге сұранып тұрған еді. Сең сетінеген тәрізді, бірақ бөрікті аспанға атуға ерте секілді.
Қазақстан Халық партиясы Абай облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Семей қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ерлан Кеңесбаевтың айтуынша, жаңа асфальт жабыны көңіл көншітпейді.
– Мұндай жолдың сапасы тиісті стандарттар мен құрылыс сметасына қаншалықты сай? Көкейде осындай сұрақ бар, – деді Е.Кеңесбаев.
Жаяу жүргіншілерге арналған жол арман болып қалатын сияқты. Жоламаннан Холодный ключке дейінгі жол бойында жарық жоқ. Автобус аялдамалары шалғай жерге орнатылған. Бұл тұрғындар үшін қолайсыз.
– Аялдамалар табиғат тосын мінез танытқанда адамдарға пана болмайды. Себебі сапасы сын көтермейді, – деді филиал төрағасының орынбасары.
Жергілікті тұрғындар жол тиісінше жөнделеді деп үміттенеді. Бұл жердің жолы 30 жыл бойы жөнделмеген. Тұрғындар мәселені жолға тас төсеу арқылы шешіп отырған. Жолдың болмауының салдарынан көктем мен күзде тиісті жерге «Жедел жәрдем» жете алмайды.
– Қала бюджетті айтарлықтай ұлғайды. Бірақ ол іс жүзінде қатты сезілмейді, – деп қорытты сөзін Е.Кеңесбаев. – Барлығымыз біздің көшеге өркениеттің келуін күтеміз.