Қазақстан Халық партиясының көнекөз мүшелерінің бірі, еңбек ардагері Кеңес Зубаиров Торғай көтерілісінің жетекшісі, халқымыздың батыр ұлы Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған веложарысқа қатысады. Оған партия мүшесі Әділет Доқтырбек демеушілік жасайды.
Астаналық Кеңес Зубаиров 2020 жылдан бері велоспортпен айналысады. Еңбек өтілі 45 жылды құрайтын азамат бұрын мәслихатқа бірнеше рет депутат болып сайланған. Ол зейнетке шыққаннан кейін велоспортқа ден қойған. Ұлы, велоспрот жанкүйері Руслан әкесіне спорттық велосипед сыйлаған.
– Кезінде Руслан Вьетнам, Лаос, Камбоджа елдерін велосипедпен басып өтті, – деді К. Зубаиров. – Кейін Үндістанды тұтас аралады. Бұл денсаулық үшін, оның ішінде буын үшін өте пайдалы іс. Жаттығу арқылы әлемді көру мүмкіндігі. Ұлым эстафетаны маған тапсырды.
Күн сайын К. Зубаиров 15-20 шақырым жерді велосипедпен жүреді. Былтыр ардагер «Қазақалтын» (қазір «Алтыналмас АҚ») кәсіпорнының 90 жылдық мерейтойына орай бір кездері еңбек жолын бастаған Бестөбе кенішіне велосапар жасады. Спортшы Ақкөл – Степногорск – Бестөбе жолын басып өтті.
– Қазір күнде жаттығамын, – дейді К. Зубаиров. – Жақында біздің велокоманда мені Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған веложарысқа қатысуға шақырды.
Мерейтой 6-9 қыркүйек аралығында өтеді. Шара шеңберінде футбол, жүзу, веложарыс сынды спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылады. Веложарыс Атбасар – Қима – Кенесары – Арқалық – Кейкі батыр – Амангелді бағытындағы 500 шақырымды құрайды.
ҚХП ардагері партияластарына ризашылығын білдірді.
– Мен өз партиямға адал болдым, мансап қуған жоқпын, – деді ол. – Партия ардагерлерді үнемі қолдап отырады. Бұл бізді жігерлендіреді.