Қазақстан Халық партиясы Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы «Жомарт» кенішіндегі шахтаның опырылуы салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қайғырып, көңіл айтады. Өкінішке қарай, қазақстандық кеншілердің жұмыс орнында мерт болуы елімізде бірінші рет болып отырған жоқ.
Алдын ала мәліметке сәйкес, шахта төбесінің опырылуына жинақталған табиғи газ массасының жарылуы себеп болған. Апат салдарынан 7 адам қаза тапты. Төтенше жағдайдың себебін анықтап, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. БАҚ мәліметінше, соңғы 15 жылда «Қазақмыс» корпорациясының өндіріс орындарында әртүрлі себептерге, соның ішінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты, 50-ден астам адам мерт болған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.
«Қазақмыс» корпорациясы өз тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері төленетінін және асыраушысынан айырылу бойынша ай сайынғы төлем тағайындап, балалардың оқу ақысын төлеп, қаза тапқан жұмысшылардың несиелерін өтейтінін мәлімдеді.