ҚХП білім саласындағы реформаларды сынға алды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, қазіргі отандық білім беру жүйесіне қысқарту емес, жаңарту қажет. Оның пікірінше, соңғы жылдардағы реформалар білім саласын тығырыққа тіреп, халықаралық рейтингтердегі (соның ішінде PISA) төмен нәтижелер осының нақты дәлелі болып отыр.

Мәжіліс депутаты мектептегі білім беру елдің болашағын айқындайтын басты сала екенін атап өтті. Сондықтан мұнда жіберілген қателіктердің орнын толтыру мүмкін емес.

– Басқа салаларда кей мәселені қайта қарап, кері шегінуге болар. Мысалы, бүгінгі Үкіметтің кейбір шешімдері сияқты. Бірақ білім жүйесіндегі қателіктердің салдары өте ауыр! – деді Ирина Смирнова.

Оның айтуынша, география пәнін қысқарту туралы ұсыныс – алаңдататын мәселе.

– Бұл шешімнің соңы азаматтардың географиялық, геосаяси сауатының төмендеуі, ал ол өз кезегінде патриотизмнің әлсіреуіне, тіпті, сепаратистік көзқарастардың қалыптасуына алып келуі мүмкін, – деді депутат.

Смирнова білім жүйесінде бұған ұқсас даулы ұсыныстар көбейіп кеткенін айтты.

– Физика, химия, биология сияқты дүниетанымдық маңызы зор пәндерді біріктіру – дұрыс емес. Геометрияны алып тастауға қатысты ұсыныстар да бар. Сонда оқушы теоремаларды қалай түсінеді? Кеңістікті қалай елестетеді? Бізде сызу пәні бұрыннан оқытылмайды, ал масштаб ұғымы мүлде қолданылмайды. Сонда бала болашақта үйді қалай салады? Картаны қалай оқиды? – деп ашынды халық қалаулысы.

Осы тұста депутат Педагогикалық ғылымдар академиясы білім сапасын арттыруда нақты әрекет ете ала ма, жоқ әлде қағаз жүзіндегі ұсыныстармен шектеле ме деген сұрақты алға тартты.

– Неге мектептер қосымша курстар мен үйірмелерге толып кеткен? Өйткені ата-аналар мектепке сенбей, балаларын өз күштерімен оқытуға тырысады. Отбасылық бюджетті де осыған жұмсап отыр. Неліктен мектеп қажетті білім бере алмай отыр? Қоғам сұранысына неге жауап бермейді? – деді Ирина Смирнова.

Депутат жаңа тағайындалған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың келуімен жағдай оңалар деген үмітін білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy