ҚХП-дан сайланған мәслихат депутаты қаза тапқан шахтердің отбасына барды

Ұлттық аза тұту күні Қазақстан Халық партиясынан сайланған Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Жан Серікұлы әріптестерімен бірге қаза болған шахтер Виктор Деревянконың отбасына барды.

Виктор Деревянко шахтада өмір бойы жұмыс істеді. 1980 жылдан басталған жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асқан еді.

– Қараша айында Виктор 60 жасқа толды, ол зейнетке шығуға дайындалып жүрген еді, - дейді марқұмның жұбайы Елена Деревянко. - Костенко атындағы шахтадағы сол күнгі ауысым оның соңғы еңбек күндерінің бірі болуы тиіс еді. Ал шындығында өмірінің де ең соңғы сағаттары екенін қайдан білейік...

Мұндай қасірет-қайғыда отбасы мүшелеріне жұбату сөз айтудың өзі өте ауыр. Виктордың 85 жастағы әкесі Николай Деревянкоға қайғылы оқиға туралы әлі хабарланған жоқ. Ағайын-туыстары ауыр науқас қарт адамға ұлының өлімін қалай естіртуді білмей дал болуда.

Бұл отбасы Қарағандының Пришахтинск ауданында тұрады. Үй ішіндегі жиһаз-жабдық әбден ескірген, тұрғын үйдің өзі күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді. Шахтердің қарт әкесіне кәсіби медициналық күтім қажет.

– Зардап шеккендердің барлығына мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі, - деп атап өтті Жан Серікұлы. - Бұл мәселе жедел штабтың және біздің облыстық мәслихаттың ерекше бақылауында.

Қазақстан Халық партиясы Костенко атындағы шахтада болған апатта қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy