Қазақстан Халық партиясы депутаттарының аймақтарға жұмыс сапарлары аяқталды. Нәтижесінде мәжілісмендердің әрқайсысы өздерімен бірге сайлаушылардың жиналыстар мен талқылауларда көтерген өзекті мәселелерін ала келді. Енді депутаттар бұл мәселелерді парламент мінберінде көтеріп, мүмкіндігінше оң шешімін табуы қажет.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магерам Магеррамов астаналық сайлаушылармен кездесті. Кездесулер негізінен емдеу, мәдениет және басқа да мекемелердің ұжымдарымен өтті.
«Астанадағы мұрағатқа жаңа ғимарат қажет. Бүгінде қалалық мұрағат қаланың әр түкпіріндегі тиісті жабдықталмаған бес үй-жайға шашырай орналасқан», - деді Магеррамов.
Сонымен қатар, елордада емханалардың жетіспеушілігі мәселесі өте өзекті, оның үстіне жұмыс істеп тұрғандарының жүктемесі шамадан бірнеше есе асып кеткен. Қалада балалар ауруханасы жоқтың қасы, көпсалалы бір ғана балалар ауруханасы бар. Елордада мәдениет саласы бойынша да жүйелі проблемалар жетерлік. Бұл, ең алдымен, жалақының төмендігі мен әлеуметтік төлемдердің жоқтығы салдарынан туындаған кадр тапшылығы мен қызметкерлердің тұрақсыздығы мәселелері.
«Астанада мұражайлар аз. Қала көрнекті қайраткерлерге бай болғанымен, мәдени орталықтың, мұражайдың жоқтығынан олардың есімдері ұмытыла бастаған. Астанада тарихи-өлкетану мұражайы, ұлттық аспаптар мұражайы және тағы басқалары жетіспейді», - деп нақтылады фракция басшысы.
Мәжіліске ҚХП-дан сайланған депутат, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып қайтты. Депутат-омбудсмен өңірдегі өзекті мәселелер ретінде мыналарды атады: қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік осал отбасыларға және т.б. арнайы топ өкілдеріне арналған мекемелерде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің жалақысының аздығы, мемлекет кепілдік берген тегін дәрі-дәрмектің тапшылығы, Паралимпиадашыларды қамтамасыз ету бойынша материалдық, заңнамалық және инфрақұрылымдық мәселелер.
«ХӘОТ-тің өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жобалар мен бағдарламаларды қабылдауда ведомствоаралық ынтымақтастық жоқ. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет, Денсаулық сақтау министрліктері сияқты ведомстволар өз іс-әрекеттерін мүлде үйлестірмейді», - деп түсіндірді К.Сейтжан.
Ал депутат Ирина Смирнованың жұмыс сапары Алматы қаласында өтті. Мегаполистің проблемалары әдеттегідей: шамадан тыс жүктелген жүйе және сәйкесінше медициналық көмек пен білім беру сапасының, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мамандандырылған білім беру сапасының төмендігі, сондай-ақ экологиялық зардаптары бар заңсыз құрылыс нүктелерінің дамуы.
«Бәріміз үшін қала құрылысы және азаматтардың мүддесін қорғау саласындағы заңнаманы сақтау маңызды», - деді Смирнова.
Мәжіліс депутаты, «Жас орта» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар Батыс Қазақстан облысына барып қайтты. Сапар нәтижесінде мәжілісмен 50-ге жуық түйткілді мәселені анықтады. Олардың кейбірі, мәселен, жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын енгізуге қатысты мәселелер қазірдің өзінде шешілу сатысында.
«Болжамды түрде бұл мәселелердің кейбірін өңірлік деңгейде де шешуге болады деп ойлаймын. Мысалы, жаяу жүргіншілер өткелін орнату, Орал қаласының көшелерін жарықтандыруды жөндеу, т.б. Бұл мәселелерді партияның өңірлік филиалымен бірге пысықтайтын боламыз», - деп нақтылады депутат.